Астанада UEFA PRO санатына оқыту курсының бесінші модулі аяқталды
05 желтоқсан 2025, 11:30
Оқытуға 20 қазақстандық маман қатысты. Олар заманауи футболдың негізгі бағыттарын зерттеп, прессинг пен контрпрессинг, тактикалық периодизация, апталық дайындықты жоспарлау және психология, көшбасшылық және мотивация тақырыптарын талқылады. Қатысушылар теориялық бөлімде алған білімдерін практика жүзінде жас футболшыларға жүргізді.
Курс тыңдаушылырының қатарында «Қайрат» ФК бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бар. Ол бесінші модульде талқыланған тақырыптарға тоқталды.
«Біз әр топқа бөлініп, екінші аймақтағы қорғаныс тақырыбындағы үй тапсырмамызды қорғаймыз. Яғни күн сайын бір топ қорғап отырады. Ал әрі қарай жаңа тақырыптарды талқылаймыз. Бес күнде үй тапсырмаларын да, жаңа тақырыптарды да бірге талдаймыз. Бесінші модульде жаңа тақырып болды. Ол - психология. Өте қызық тақырып, қызығушылықпен тыңдадық. Әрқайсының ынтасы жоғары. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Кез-келген оқу – жаңа тәжірибе. Өзін дамытқысы келетін жаттықтырушы жаңа білімге ұмтылады. Бұл топта танымал бұрынғы футболшылар жиналды. Әрқайсысы оқуға ынталы, жаңа білім алу үшін келді. Биыл бір жағынан жолымыз болды деуге болады, себебі еуропалық командалармен ойындарымыз көбірек. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Әрине, ол кездесулерде мол тәжірибе жинаймыз, практикалық білім аламыз. Кураторлар берген білімді сол ойындарда қолдануға тырысамыз. Сондықтан дамуымыз, мүмкін, жылдамырақ жүріп жатқан шығар, себебі қарсылас командалардың деңгейі өте жоғары. Тез әрекет етуге, халықаралық тәжірибе жинауға тура келеді», деді Р. Уразбахтин.
Бесінші модульде тыңдаушыларға Геннадий Скуртул пен Станислав Погорелов, психологиялық блок бойынша Інжу Құсайынова дәріс оқыды. Ал практикалық және әдістемелік қолдауды Иван Азовский, Владимир Никитенко, Виктор Семенов, Евгений Свешников және Игорь Шпанёра сынды кураторлар көрсетті.
Бесінші модуль Қазақстандағы жаттықтырушы кадрларының біліктілігін арттыруда және мамандарды УЕФА-ның жоғары стандарттарына сай даярлау жүйесін нығайтудағы кезекті қадам. Алынған білім мен практикалық дағдылар «Pro» лицензиясының болашақ жаттықтырушыларына команданы тиімді басқаруға, заманауи ойын моделін құруға және ойыншылардың кәсіби қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
UEFA «Pro» лицензиясы бойынша жаттықтырушыларды оқыту бағдарламасы – қазақстандық мамандардың дамуына ықпал етуді жалғастыруда және ҚФФ-ның алдағы бес жылға техникалық даму стратегиясының маңызды кезеңдерінің бірі.
Жаңалықтар
01 жел., 10:46