Еліміздің төрт өңірінде УЕФА «С» санатына бапкерлерді оқыту курсы аяқталды

Еліміздің төрт өңірінде УЕФА «С» санатына бапкерлерді оқыту курсы аяқталды

08 желтоқсан 2025, 10:08
24 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Алматы, Ақтөбе, Семей және Шымкент қалаларында УЕФА-ның «С» санатты лицензиясына футбол бапкерлерін оқыту курсының кезекті модулі аяқталды.  Оқытуды Қазақстан футбол федерациясы өңірлік ассоциациялармен бірлесе ұйымдастырып, оған еліміздің әр аймағынан жас және тәжірибелі бапкерлер қатысты.

Оқу бағдарламасының негізгі тақырыбы – жас футболшылардың координациясы мен қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту.

Курста қатысушылар келесі бағыттар бойынша әдістемелік тәсілдерді меңгеріп, іс жүзінде орындады. Бірінші бағыт: Жалпы және арнайы координация: кеңістікте бағдарлану, ритм, тепе-теңдікті сақтау, реакция жылдамдығы, қозғалыстарды синхрондау жаттығулары. Екінші бағыт: Жас футболшылардың сапалы дайындығына қажетті негізгі техникалық элементтер: доп жүргізу, дриблинг, жаңылыстыру қозғалыстары (финттер), допты қабылдау және пас беру, қақпаға әртүрлі тәсілмен соққы жасау.

Бапкерлер теориялық білімін тәжірибе жүзінде алаңда қолданды. Сонымен қатар, балаларды оқытудағы жеке тәсіл, қолайлы орта қалыптастыру және техникалық элементтерді дұрыс көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Модульдің маңызды бөліктерінің бірі балаларға арналған футбол фестивальдері мен жарыстар ұйымдастыру және өткізу әдістемесі болды. ҚФФ инструкторлары әр жас санатына арналған заманауи форматты таныстырып, балалардың қызығушылығын арттыруға, ойын тәжірибесін көбейтуге және футболға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған тәсілдерді көрсетті. Қатысушылар фестивальдердің құрылымы, ережелері және ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты.

Курс тыңдаушыларының бірі «Жеңіс» футбол орталығының жаттықтырушысы Анель Елеусізова курстың өту барысы туралы айтып берді:

«Біз үш күн бойы «С» санатына арналған курстан өтіп, теориялық білімдерді тәжірибе жүзінде іске асырып жатырмыз. Курсты футбол негіздерінен бастады. Алғашқы сабақта жас ойыншылардың моторикалық дағдыларын, координацияны үйрендік. Теориядан кейін бірден практикалық бөлімге өтіп, балаларға арналған жаттығу сабағын құрдық. Жалпы, теория мен практиканың осылай қатар жүруі өте ыңғайлы әрі дұрыс деп ойлаймын. Кейін  қауіпсіздік техникасын меңгеріп, фестиваль ұйымдастырдық. Осындай курсты ұйымдастырғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтамын», деді И.Заванель.

Өткізілген оқыту модульдері Қазақстандағы бапкерлерді даярлау жүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып, жас футболшылармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосты.

УЕФА-ның «С» санатты лицензиясына арналған бапкерлерді оқыту бағдарламасы қазақстандық мамандардың өсуіне ықпал етіп, ҚФФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған техникалық даму стратегиясының маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

 

 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары