Марко Ферри: «ФИФА әрқашан ҚФФ-ның бастамаларын қолдайды»
«Мен үшін де, ФИФА өкілі ретінде де осындай жиынға қатысу әрдайым үлкен құрмет және мәртебе. Мен өткен Конференцияда ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясы арасындағы тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастықты атап өттім. Бұл сөздер нақты істермен дәлелденді: сол уақыттан бері біз бірқатар жобаны бірлесіп жүзеге асырып келеміз, нәтижесін жақын арада көретін боласыздар.
Ең алдымен сізге, Құрметті Президент мырза, Қазақстан футбол федерациясының ұжымына, сондай-ақ ҚФФ әкімшілігіне біздің ортақ серіктестігімізге қосқан зор үлестеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Нақты мысал ретінде былтыр қазанда Қазақстанда алғашқы FIFA Arena футбол алаңының ашылуын атап өткім келеді. Бұл — үлкен жетістік. Әсіресе Қазақстан ФИФА Президенті Джанни Инфантино бастамасымен іске қосылған ауқымды жобаның аясында мұндай нысанды пайдалануға берген әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды.
Біз Қазақстанға осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруда сүйене алатынымызды мақтанышпен айтамыз. Бұдан бөлек, наурызда Қазақстан FIFA Series 2026 турнирін қабылдайды. Біз оған қуаныштымыз. Осы турнирді өткізуге дайын болғандарыңыз үшін алғыс білдіремін.
Біз оны ұйымдастырудың барлық кезеңінде сізбен бірге боламыз. Қазақстан Комор аралдары, Кувейт және Намибиямен бірге турнирді қабылдайтын елдер қатарына қосылады. Менің ойымша, ФИФА бастамаларының басты миссиясы — бір-бірімен тұрақты түрде байланысуға мүмкіндігі бола бермейтін елдер арасында көпір орнату.
Қазақстанның FIFA Series турнирін қабылдайтын елдер қатарынан болғанына шын мәнінде мақтанамыз. Бұл жарысты асыға күтеміз және оның бүкіл футбол қауымдастығы үшін маңызды оқиға боларына сенімдіміз.
ФИФА сіздер жүзеге асыратын барлық жобаны қолдайды. Біз әрқашан жандарыңызда боламыз. ФИФА Президенті Джанни Инфантино мен Бас хатшы Маттиас Графстремнің ең жылы сәлемдерін жеткізгім келеді. Олар да Қазақстан футбол федерациясының дамуын жоғары бағалайды және шын жүректен мақтан тұтады», деді Ферри.