Елімізде алғаш рет қыздарға арналған УЕФА-ның «C» санатына бапкерлерді оқыту курсы басталды
Аталған білім беру бағдарламасы УЕФА және Қазақстан футбол федерациясының гранттық қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл бапкерлік білімнің қолжетімділігін арттырып, қатысушылардың кәсіби тұрғыда өсуіне қосымша мүмкіндіктер береді.
Оқу курсына еліміздің әр өңірінен келген әйелдер командаларының жас бапкерлері, сондай-ақ алдағы уақытта бапкерлік қызметті жалғастыруды жоспарлап отырған Әйелдер лигасының ойыншылары қатысып жатыр.
Модульдің негізгі тақырыбы - жасөспірімдер мен кіші жас санатындағы ойыншылардың координациялық дайындығы және моторикалық дағдыларын дамыту. Үш күн бойы курс қатысушылары жалпы және арнайы координацияны дамытуға арналған заманауи әдістемелік тәсілдерді меңгеріп, іс жүзінде қолдануда. Атап айтқанда, кеңістікте бағдарлану, ритм сезімі, тепе-теңдікті сақтау, реакция жылдамдығы мен қимыл-қозғалыстың үйлесімділігі бағыттары қамтылған.
Сонымен қатар жас футболшыларды сапалы даярлау үшін футболдың базалық техникалық элементтеріне ерекше назар аударылады. Олардың қатарында допты алып жүру, дриблинг, алдамшы қимылдар, допты қабылдау және беру, сондай-ақ қақпаға әртүрлі тәсілмен соққы жасау бар.
Курс бағдарламасы бойынша қатысушылар теориялық сабақтар мен футбол алаңындағы практикалық жұмыстарды ұштастырады. Бұл қатысушыларға алған білімдерін бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Балаларды оқытуда жеке тәсілге, қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға және техникалық элементтерді дұрыс көрсетуге баса мән беріледі.
Мұнда маңызды бөлімдерінің бірі балаларға арналған футбол фестивальдері мен жарыстарын ұйымдастыру және өткізу әдістемесіне арналды. Қазақстан футбол федерациясының нұсқаушылары Нұржан Әбілдаев, Юлия Мамонова және Ксения Постовая кіші жас санаттарына арналған заманауи форматтағы іс-шараларды таныстырып, балалардың қызығушылығын арттыруға, ойын тәжірибесін кеңейтуге және футболға тұрақты қызығушылық қалыптастыруға бағытталған тәсілдермен бөлісуде. Сондай-ақ қатысушылар мұндай іс-шараларды өткізудің ережелерімен, құрылымымен және ұйымдастырушылық қырларымен танысады.
Аталған модульді іске асыру - Қазақстандағы бапкерлік білім беру жүйесін дамыту және жас футболшылармен жұмыс істейтін білікті мамандарды даярлау жолындағы кезекті қадам. УЕФА-ның «C» лицензиясы бойынша бапкерлерді даярлау бағдарламасы Қазақстан футбол федерациясының алдағы бес жылға арналған Техникалық даму стратегиясының басым бағыттарына сай келеді және қазақстандық футболдың тұрақты дамуына ықпал етуді жалғастырады.