UEFA C санатына жаттықтырушыларды оқыту курсының төртінші модулі басталды
Ол 22 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл - отандық мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Аталған модуль шабуыл мен қорғаныстағы жекпе-жек тақырыбына (1х1, 2х1, 1х2, 2х2), сондай-ақ жеке және топтық тактика мәселелеріне арналған. Бұған қоса шабуыл және қорғаныс фазаларындағы негізгі әрекет қағидаттарына, түрлі ойын жағдайында шешім қабылдауға, жиі кездесетін қателіктерді түзетуге ерекше назар аударылады.
Оқыту барысында курс тыңдаушылары ойын қағидаттарын терең түсініп, футболшыларды оқыту әдістемесін меңгеруге бағытталған теориялық дайындықтан өтеді. Сонымен қатар жаттығу жоспарын әзірлеп, оларды футбол алаңында тікелей жүзеге асыру арқылы алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді.
Білім беру үдерісінен бөлек, бұл модуль кәсіби қарым-қатынас алаңына айналды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаттықтырушылық қызметтегі өзекті мәселелерді талқылауға және жаттықтырушы жұмысының тиімділігінде маңызды рөл атқаратын қарым-қатынас дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.