ҚФФ «Football for Life» инклюзивті футбол фестиваліне қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады

ҚФФ «Football for Life» инклюзивті футбол фестиваліне қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады

28 желтоқсан 2025, 11:34
Қазақстан футбол федерациясы Жаңа жыл қарсаңында УЕФА және «Феникс» қайырымдылық қорымен бірлесіп «Football for Life» инклюзивті футбол фестивалін өткізді.

Іс-шара онкологиялық ауруларды жеңген, ағза трансплантациясын өткерген балаларға, сондай-ақ «Болашақ» қорының «UNI Football League» жобасына қатысатын Даун синдромы мен аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларға және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталды. Фестиваль ҚФФ-ның ерекше қажеттілігі бар балаларды футболға және қоғамдық өмірге тартуға бағытталған әлеуметтік және инклюзивті қызметінің бөлігі саналады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – мерекелік атмосфера қалыптастырып, қатысушыларды қолдау, спорт, қарым-қатынас және бірлескен іс-әрекеттер арқылы жағымды эмоциялар сыйлау. Іс-шара форматы балалардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, қолжетімділік пен тең қатысу қағидаттарына сай ұйымдастырылды.

Фестивальге 10–15 жас аралығындағы 60 баладан құралған 8 команда қатысты. Бағдарламада ойын-сауық және белсенді іс-шаралар, футбол жаттығуларының элементтері, командалық өзара әрекеттесу, сондай-ақ анимациялық қойылымдар болды.

Іс-шара қорытындысымен барлық қатысушы естелік сыйлықтар мен жүлделермен марапатталды. Фестивальде интерактивті футбол аймақтары құрылды, балаларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қазақстан футбол федерациясы әлеуметтік жобаларының кураторы Шыңғыс Темірханов осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті:

«Бүгін біз шынайы инклюзивті фестиваль өткіздік. Қазақстан футбол федерациясы үшін мұндай іс-шаралар ерекше маңызға ие. Біз футболдың әр баланың өмірлік жағдайына қарамастан қолжетімді болуын және оны жүйелі түрде, жыл сайын жүзеге асуын қалаймыз», деді ол.

«Football for Life» фестивалінің өтуі Қазақстан футбол федерациясының инклюзия, тең мүмкіндіктер қағидаттарына адалдығын және футболды әлеуметтік қолдау мен қоғамды біріктіру құралы ретінде дамытуға бағытталғанын көрсетеді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары