ҚФФ жас төрешілерге арналған KAZCORE бағдарламасын іске қосты

ҚФФ жас төрешілерге арналған KAZCORE бағдарламасын іске қосты

20 қаңтар 2026, 15:35
Қазақстан футбол федерациясы төрешілікті дамыту стратегиясының жалғасы ретінде жас арбитрлерге арналған KAZCORE атты жаңа білім беру бағдарламасын іске қосты.

Бұл жоба жас төрешілерді жүйелі түрде дайындауға бағытталған маңызды қадам болмақ.

KAZCORE бағдарламасы UEFA CORE үлгісіне негізделіп жасалған. Мұнда тек төрешілік шеберлікті жетілдіру ғана емес, кәсіби ойлау жүйесін қалыптастыру, дұрыс өмір салты мен жоғары деңгейдегі тұрақты жұмыс стандарттарын сіңіру де басты назарда болады.

Бұл маусымда бағдарламаға төрт жас төреші мен екі нұсқаушы қатысады. Нұсқаушылар кейбір матчтарда төрешілерге еріп барып, ойынды сырттан бақылап отырады. Матч аяқталған соң, төрешілердің өз бағасына сүйене отырып, олардың жұмысын қарапайым әрі түсінікті түрде талдап, қандай тұстарын жақсарту керегі жөнінде нақты кеңес береді.

Маусым бойы жұмыстан бөлек, бағдарлама аясында екі-үш күнге созылатын бірнеше офлайн семинар өткізу жоспарланған. Бұл кездесулерде қатысушылар бір топта жұмыс істеп, тәжірибе алмасады.

Жобаның бас нұсқаушысы ретінде IFAB техникалық директоры, сондай-ақ UEFA CORE бағдарламасының негізін қалаушылардың бірі Дэвид Эллерэйді шақырылды.

Футбол әлеміндегі ең беделді мамандардың бірі саналатын Эллерэйдің келісім беруі KAZCORE жобасының деңгейі жоғары екенін және оның халықаралық талаптарға толық сай болатынын көрсетеді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары