Дінмұхамбет Сүлейменов – Қазақстан футзал құрамасы бас бапкерінің ассистенті
Сүлейменов ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Рикардо Камара Собралдың (Какау) штабында жұмыс істейді. Ол бұған дейін Какаудың жетекшілігімен Қазақстан ұлттық құрамасында және «Қайрат» АФК сапында ойнап, клубтық және халықаралық деңгейде бірқатар жетістікке жеткен.
Дінмұхамбет Сүлейменов – Ақтау футбол мектебінің түлегі. Кәсіби мансабын 1999 жылы «Ақтау» МФК құрамында бастады. 2001 жылы Тегеран қаласында Иран құрамасына қарсы өткен матчта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасады.
«Қайрат» АФК құрамында Қазақстанның он дүркін чемпионы, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, Әлем және Азия чемпионаттарының қатысушысы. Үш рет Қазақстанның үздік футзалшысы деп танылған.
Дінмұхамбет Сүлейменов Қазақстан құрамасы сапында 100 матч өткізіп, команда тарихында ең көп ойын өткізген футболшының бірі. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек Игита мен Шыңғыс Есенамановқа жол береді. Ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың капитаны болып, команданың негізгі көшбасшысының бірі саналды.
Ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Каспий» футзал командасында бас бапкері болып жұмыс істеді, сондай-ақ «Ордабасы» клубының бапкерлер штабында болды. Қазіргі таңда «Тараз-Омега» командасында бас бапкер болып қызмет атқарады.
Қазақстан футбол федерациясы Дінмұхамбет Салмұхамбетұлының алдағы қызметіне толағай табыс тілейді.