Астанада KAZCORE жобасы аясында жас төрешілерге арналған семинар басталды
KAZCORE жобасы UEFA CORE бағдарламасы негізінде әзірленіп, арбитрлердің кешенді дамуын көздейді. Бағдарлама тек төрешілік дағдыларды жетілдірумен шектелмей, кәсіби ойлау қабілетін қалыптастыруға, дұрыс өмір салты мен жоғары деңгейдегі тұрақты жұмыс стандарттарын орнықтыруға мән береді.
Ағымдағы маусымда бағдарламаға төрт жас төреші қатысуда — Әнуар Қазбеков, Елдос Қанаев, Кирилл Ткачев және Станислав Пучков. Қатысушылар бірнеше критерий бойынша іріктелді: өткен маусымдағы қызмет еткен матчтар саны, ағылшын тілін меңгеру деңгейі және жас шектеуі (32 жастан аспау).
Жобаның нұсқаушылары ретінде тәжірибесі мол бұрынғы арбитрлер — Артём Кучин мен Эльвира Нурмустафина тартылды. Олар төрешілерді жекелеген матчтарда сүйемелдеп, кейін арбитрлердің өз-өзіне берген бағасына сүйене отырып, олардың жұмысына жан-жақты талдау жасап, әрі қарай кәсіби дамуға арналған нақты ұсынымдар береді.
Жобаның бас нұсқаушысы ретінде ҚФФ Ойын ережелерін айқындайтын орган — IFAB техникалық директоры әрі UEFA CORE бағдарламасының негізін қалаушылардың бірі Дэвид Эллерэйді шақырды. Оның қатысуы жобаның әдістемелік деңгейін күшейтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
KAZCORE жобасы Қазақстан футбол федерациясы бастамасымен жүзеге асырылып, елдегі төрешілерді даярлау жүйесін жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі ретінде қарастырылуда.