Нуну Каштру: «KAZCORE – жас төрешілерді жүйелі түрде дамытатын маңызды жоба»

Нуну Каштру: «KAZCORE – жас төрешілерді жүйелі түрде дамытатын маңызды жоба»

26 қаңтар 2026, 11:10
KAZCORE бағдарламасы – УЕФА бастамасымен іске қосылған жас футбол төрешілерін даярлауда тиімді әрі өзекті жоба. Төрешілікті дамыту және қадағалау департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру ҚФФ-ның қолдауымен басталған жаңа бағдарлама туралы, оның маңызы мен күтілетін нәтижелерді айтып берді.

– KAZCORE – УЕФА бастамасымен іске қосылған өте тиімді әрі өзекті бағдарлама. Қазіргі таңда бірқатар ұлттық қауымдастық болашағынан үміт күттіретін жас төрешілерді дамыту мақсатында осы бағдарламаны табысты жүзеге асырып келеді. Курсты Қазақстанда да өткізу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Бағдарлама тұрақты түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Жас төрешілер білікті нұсқаушылармен жұмыс істеп, нәтижесінде дайындық деңгейін кезең-кезеңімен арттырады және кәсіби футболдың талаптарына сай болуға мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл біз үшін аса маңызды.

ҚФФ төрешілікті дамыту жұмыстарына инвестиция салды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – талантты жас төрешілерді жүйелі түрде дайындап, дамыту. Әр елдің халықаралық дәрежедегі арбитрлері – төрешіліктің ең жоғары деңгейіне жеткен мамандар. Мен олардың мәртебесін ұлттық құраманың футболшыларымен салыстырар едім. Біз оларға отандық төрешілікті ғана емес, Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып жүргенін түсіндіруіміз қажет. Осы ретте, отандық төрешілердің халықаралық матчтарға қайта тағайындалған сәттерін ерекше атап өткім келеді. Бұл – ел футболы үшін өте маңызды оқиға, - деді Нуну Каштру. 

Оның айтуынша, ойын ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа ережелер биылғы футбол маусымында іске қосылады. 

– Біз жаңа маусымға дайындықты бастап кеттік, бірқатар ауқымды жұмыс атқардық. Ойын ережелеріне өзгерістер енгізілді. Ол маусымның ортасында бекітілгендіктен, өткен маусымда іске асырылмады. Өзгерістер жаңа маусым басталғанда толық көлемде қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар Еуропада қолданылатын бірқатар заманауи тәсілдер мен идеяларды бейімдеп, тәжірибеге енгізу мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда төрешілеріміз дайындық үдерісінде және кәсіби біліктілігін арттырып жүр.

Олар – физикалық әрі техникалық тұрғыдан мықты дайындықты талап ететін жоғары деңгейлі атлеттер. Біз олардың физикалық, теориялық және менталдық тұрғыдан жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасадық. Маусым алдындағы дайындық аясында Түркияда арнайы семинар өткізу жоспарланды. Біз тынымсыз жұмыс істеп, төрешілерге жаңа ұсынымдар мен талаптарды жүйелі түрде түсіндіріп, жаңа маусымға барынша дайын күйде келуді мақсат еттік, - деді Нуну Каштру. 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары