Талғат Байсуфинов: «Барлық ойыншыға уақыт беріледі»

Талғат Байсуфинов: «Барлық ойыншыға уақыт беріледі»

30 наурыз 2026, 23:00
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов FIFA Series турнирі аясындағы шешуші ойын алды баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Комор аралдарына қарсы матчқа ұлттық құраманың дайындығы, ойыншыларды құрамаға іріктеу тәртібі, өткен ойындағы қателіктер мен алға қойған мақсаттар туралы айтып берді.

«Біз командамен бірге Намибия мен Комор аралдары арасындағы ойынға келіп, бәріміз бірге қарадық. Әрине, Комор аралдары ұлттық құрамасының қатарында Еуропада ойнайтын ойыншылар бар. Десе де, ертеңгі ойынға дайынбыз. Алғашқы матчта дайындыққа екі күн, осыда бес күн уақыт  болды. Ойын стилін қойып, былтыр қандай футбол ойнадық, ойыншылар соны еске түсіріп жатыр. Тек жеңіс үшін ойнаймыз. Жанкүйерлерге де эмоция сыйлап, өзіміз үшін де талпынамыз. Тактика бойынша да қарап жатырмыз. 

Намибия құрамасы өз ойынын бізге де, Комор аралдарына да әдемі көрсетті. Алаңда өз ойынымызды ойнауға мүмкіндік берген жоқ. Комор аралдарымен де солай, алғашқы 25-30 минутта Комор қанша комбинация жасады, 1-2 гол салу керек еді. Бірақ, сала алмады. Намибия соған шыдап, өз ойынын кейін көрсетті. Біз де екінші таймнан бастап, ауыс-түйіс қалай боларын қарап отырдық. Комор аралдары екі ойыншыны ғана ауыстырды. Олардың ертең қандай құраммен ойнайтыны бізге де қызық болып отыр. Жалпы, қай команда болмасын, өз алаңында жақсы ойын көрсетеді. FIFA Series турнирі бойынша қазір бізде 3, Намибияда 2, Комор аралдарында 1 ұпай бар. Әрине, қай-қайсына да жеңіс керек.

Алдыңғы баспасөз мәслихатында күздегі Ұлттар лигасын ұту мақсат екенін айттым. Бұл соған дайындықтың алғашқы кезеңі болып жатыр. Маусымда екі жолдастық кездесу бар. Қыркүйекте Ұлттар лигасы ойындары кезінде 12 күнде төрт ойын болады. Ұлттық құрамаға жаңа ойыншыларды да шақырдық. Александр Мрынский да келді, өз ойынын көрсетті. Оның құраманың стилін түсінгеніне қуанып отырмыз, «Қайратта» да, Чемпиондар лигасында да әдемі ойын көрсетіп келеді. Осындай жігіттер құрамаға керек. Бірақ, Намибиямен ойнағанда көп ойыншы Қазақстан чемпионатындағыдай  ойнап жүрді. Жылдамдық, шешім қабылдау ақсап тұрды. Қазір жігіттерге соны жеткізіп отырмыз. Жаттығу кезінде алға жылжу бар екенін байқадық. Намибиямен ойында жігіттердің тактикада бойынша жасағандары бізге ұнаған жоқ. Бірінші күннен ойын тұрақтылығын сақтау керегін айтып келеміз.  Әрине, әр ойыншыға ойын уақыты беріледі.

Ертеңгі ойында біз де, Комор аралдары да жеңіс үшін ойнайтынымызды түсініп отырмыз. Егер біз қорғаныста ойнасақ, жеңіс келмейді. Құрамадағы жас жігіттер бір-бірін қанаттандырып, шабуылға ойнаймыз деп талпынып, нәтижесін былтыр көрсетті. Ал қазір шетелге кетіп, ойын практикасын алмай жүргенін көріп отырмыз, жігіттер де оны түсініп отыр. Шетте жүргендердің жарақат болмай, ойынға қайсысы дайын болады, солар ұлттық құрамаға шақырылады», деді Талғат Байсуфинов. 

Бөлісу
Жоғары