Отандық футбол инспекторларына арналған семинар өтті
Елордаға Қазақстан Чемпионаты мен Кубогы, сонымен қатар, Бірінші және Екінші лигада қызмет атқаратын инспекторлар шақырылды. Шара алдында Төрешілер комитетінің төрағасы Сейілда Байшақов сөз сөйледі. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин де қатысып, инспекторларға төрешілердің жұмысына баға беруде өз міндетерін кәсіби атқаруды тапсырды. Матч делегатының қызметі талапты әрі жауапты болу.
Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры Сергей Кенетаев:
- Семинар мақсаты – барлық деңгейдегі жарыстарда ойын ережесінің бірдей баяндалуына қол жеткізу. Теория, әдістеме және тәжірибе саласында білімді жетілдіру. Сонымен қатар, ойын ережесі бойынша бейнесынақ тапсыру. Маусым айында Қазақстан футбол федерациясының жетекшілерінің қолдауымен төрешілерге арналған семинар ұйымдастырдық. Енді ойынның шешуші сәттерінде шешім қабылдайтын төрешілердің жұмысын бағалайтын инспекторлардың басын қосып отырмыз. ФИФА, УЕФА және ҚФФ Төрешілер комитетінің талаптары мен кеңестерін орындау маңызды. Алда атқаратын жұмыс көп. Төрешілер де, инспекторлар да осы бағытта жұмыс істеуге дайын.