Қазақстандық төрешілер Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр
Оқу-жаттығу жиынында төрешілер теориялық емтихан мен ФИФА сынақтарын тапсырды. Сонымен қатар, жолдастық ойындарға төрешілік етіп, дайындықтарын пысықтай түсті.
Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік ету және қадағалау департаментінің директоры Сергей Кенетаев оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша Түркістанда өтетін Қазақстан Суперкубогының матчтарында қызмет атқаратын төрешілер тобы анықталатынын мәлімдеді.
– Төрешілердің дайындығы жаман емес. Олардың барлығы маусымаралық үзілісте үнемі дайындалып отырды. Әрқайсысының дайындық жағдайы әр келкі еді. Кей жерлерде қар түсіп, сынап бағанасы нөлден төмен болды. Алайда, кәсіпқой төрешілер емтихан мен сынақтан сүрінбей өтіп жатыр, – деді Сергей Кенетаев.
Оралдық төреші Болат Сариев оқу-жаттығу жиыны қолайлы жағдайда өтіп жатқанына тоқталды.
– Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік берген Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіреміз, – дейді Болат Сариев. – Жаңа маусымға әрқайсысымыз сапалы дайындалып жатырмыз деп ойлаймын. Әр төреші ресми ойындарда қателік жібермеуге тырысады.
ФИФА төрешісі Наргис Мағау ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Жерорта теңізінің жағалауында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынының жақсы сәттерін атап өтті.
– Бейнематериалды зерттеп, теория және тәжірибе емтихандарын тапсырдық. Оқу-жаттығу кезінде маусым барысында көмектесетін жаңа тәсілдерді үйреніп жатырмыз, – дейді Наргис Мағау.