Айтбай Жамантаев: «Словенияға лайықты қарсылық көрсетуге бар күшімізді саламыз»
– Ұлттық құраманы қайта баптау күтпеген жаңалық болды, – дейді Айтбай Саяжанұлы, – Команданы үш жылдан астам жаттықтырған жоқпын. Міне, енді әйелдер құрамасына қайта оралуымды сұрап, алдағы тапсырмаларды орындауды өтінді.
Құрамды жасақтауда бірқатар мәселелер бар. Негізгі құрамда ойнайтын көптеген футболшылар мансаптарын аяқтады.
2017 жылы бірнеше жас ойыншыларды ұлттық құрамаға шақырған болатынбыз. Енді олар құраманың негізіне айналды. Бұл команданың болашағы бар екенін айта аламын. Уақыт қажет. 2005-2006 жылғы жас футболшылар өсіп келеді. Оларды да ұлттық құрамаға шақырамыз.
– Аида Гайстенова неге шақырылмады?
– Ол «Енисейдің» жаттығу жиынында жарақат алып, қазіргі уақытта емделіп жатыр.
– Түркия чемпионатында ойнайтын қақпашы Ангелина Портнова мен Израиль чемпионатындағы Ирина Сандалова да шақырту алмады...
– Екеуі де менің шәкірттерім, біздің интернаттың түлектері. Олардың деңгейлері Ирина Саратовцева және Назым Исмаиловадан төмендеу деп айта аламын. «Оқжетпесте» ойнайтын жас қақпашы Виктория Зейналиге мүмкіндік беріп отырмыз.
– Ирина Саратовцева ешқандай клубта ойнамайды. Оның дайындығына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгде Саратовцеваның деңгейі барлық қақпашылардан жоғары.
– Жақында ҚФФ президенті Әділет Барменқұловпен кездесу өтті. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз...
– Әділет Назарбайұлы жаңа стратегияға сәйкес әйелдер футболына көп көңіл бөлінетінін айтып, алдағы ойындарға сәттілік тіледі. Басшылықтың тарапынан көрсетілген қолдау біз үшін маңызды.
– Бегайым Қырғызбаева жаттықтырушылар штабына енді. Ол қандай қызмет атқарады?
– Бегайым Сапарқызымен екі жыл «Оқжетпесте» қызмет еттік. Ол өте дарынды бапкер, ел чемпионатында көкшетаулық командамен жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Оны Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне дайындаймыз. Менің мұрагерім деп айтуға болады.
– Ертеңгі қарсылас Словения туралы айтып өтсеңіз?
– Олардың Франция және Уэльспен өткен ойындарын саралап шықтық. Өте қызықты әрі шеберлігі мығым команда. Олардың дене даярлығы да жақсы. Ертең ауыр ойын болмақ. Алайда басқа да мықты қарсыластармен кездестік. Жеңіске жетемін деп уәде бере алмаймын, дегенмен лайықты ойын көрсету үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
– Команданың капитаны анықталды ма?
– Ертең белгілі болады.
– Қарсыластардың деңгейлерін ескере отырып, қай командалардан ұпай алуға болады деп ойлайсыз?
– Грекиямен өткен екі кездесуде жеңілдік. Жеңуге болатын ойын еді. Енді Эстониямен болатын матчтарда ұпай аламыз деп ойлаймын.