УЕФА өкілі балалар турнирінің марапаттау рәсіміне қатысты

УЕФА өкілі балалар турнирінің марапаттау рәсіміне қатысты

08 қараша 2022, 13:43
Астанада жекеменшік мектептер мен академиялар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды.

Турнирге еліміздің барлық өңірінен 39 мектеп, жалпы саны 600 бала қатысты. Жарыс төрт жас ерекшелігі бойынша әртүрлі форматта өтті: 2012-2013 жж. 10 команда («5+1» форматы), 2010-2011 жж. 10 команда  («7+1» форматы), 2008-2009 жж. 12 команда («8+1» форматы) және 2006-2007 жж. 7 команда («10+1» форматы). 

Жарыстың марапаттау рәсіміне УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі Сервет Ярдимчи, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Қайрат Айтуғанов, Астана қаласы спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және «JKFL» президенті Александр Разинков қатысты. 

Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен жекеменшік футбол мектептері мен академияларының футбол лигасы құрылып, «JKFL» деген атау алды. 

Еліміздің шалғай аймақтарын қамтитын жобаға биыл жалпы саны 300-ден астам команда (5000-нан астам бала) қатысып, футболға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Турнирде жас футболшылар тартысқа толы ойын мен жеңіске деген жігер көрсетті. Жарыстан балалар мен олардың ата-аналары ерекше әсер алды.

Бөлісу
Жоғары