ALAŇ жобасы: бюджет қаражатының көмегінсіз футбол алаңдары жөнделді
Бұқаралық футболды дамыту мақсатында ҚФФ ауқымды жобаның жүзеге асуына қаржы алу үшін 2022 жылы УЕФА басшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Нәтижесінде Еуропа футбол ассоциациясы 3,7 миллион еуро бөлді. Футбол алаңдарын реновациялау жергілікті атқарушы органдар тарапынан да стадионның инфрақұрылымын жөндеуіне ықпал жасады.
«Менің таңғалатыным, осыған дейін неге жергілікті билік осы жасыл алаңды жөндемеген? Мынадай стадионы бар Балқашта футбол өмір сүріп, мыңдаған бала жаттығуы тиіс. Сол арқылы қазақ футболына тағы да леп келеді, жаңа серпін беріледі. Өйткені, түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Бірақ оның бірде-біреуіне Балқаштан команда қатыспайды. Неге? Себебі, сапасы жоғары жасыл алаңдар жоқ. Енді дәл осындай жасыл алаң болғаннан кейін, бұл жерде жүйелі түрде жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Олар жарысқа қатыспағанда не істейді? Амал жоқ, қатысады», - деп Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионының өңделген алаңының ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«ҚФФ басшылығына ALAÑ жобасы үшін мың да бір рақмет. Әрине, енді осындай алаң Ұлытау облысының балаларына үлкен тосын сый. Барлық ойлағандарымыз жүзеге аса берсін. Біз де өз жұмысымызды жүйелі түрде атқарып. футбол орталығын аштық. «Ұлытау» клубы жақсы ойын үлгісін көрсетуде. Бізде талантты балалар бар және барлығы дұрыс болса, қазақ футболында жақсы ойыншылар өсіп шығады», - деп «Ұлытау» клубының президенті Талғат Байсуфинов Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионының өңделген алаңының ашылу салтанатында пікірін білдірді.
ALAÑ жобасы футбол функционерлері, демеушілер мен жергілікті атқарушы органдардың тиімді біріккен жұмыстарының нәтижесі. Алаңдардың құрылысы мен толығырақ ақпаратты ALAÑ жобасының YouTube арнасы арқылы біле аласыз. Ол жерде жобаның күнделіктері шығып тұрады. Ал жаңа шығарылым Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионының қосалқы алаңының ашылуына арналған.