Қазақстан өкілдері УЕФА конференциясына қатысты

Қазақстан өкілдері УЕФА конференциясына қатысты

02 қазан 2025, 11:06
Швейцарияның Цюрих қаласында УЕФА-ның әйелдер ұлттық құрамаларының бас бапкерлері мен техникалық директорларына арналған бесінші конференциясы өтті.

Форумға Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) атынан ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул және Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов қатысты.

Конференцияның алғашқы күнінде УЕФА сарапшылары 2025 жылғы әйелдер арасындағы Еуропа чемпионатын қорытындылап, турнирдің техникалық талдауын ұсынып,  Еуропадағы әйелдер футболының дамытудағы негізгі үрдістерді талқылады. Сондай-ақ ұлттық құрамаларды дайындау және жетілдіру мәселелері қаралған бапкерлер форумы ұйымдастырылды.

Екінші күні техникалық директорларға арналған жұмыс семинары өтті. Жұмыс тобының атынан баяндама жасаған ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул жасөспірімдер футболынан ересектер футболына өту мәселелері мен ондағы қиындықтарға тоқталды. Бұл кезең спортшылардың дамуындағы ең маңызды әрі шешуші сәттердің бірі болмақ.

Геннадий Скуртул:
«Жасөспірімдер футболынан ересектер футболына өту проблемасы барлық дайындық жүйесінің негізгі буыны. Бұл процесті қаншалықты дұрыс құра алсақ, ертеңгі күні құрамаларымыздың табысы ғана емес, еліміздегі футболдың сапасы да соған байланысты болады».

Қазақстан өкілдерінің осындай деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысуы озық тәжірибелерді меңгеруге, Еуропаның жетекші футбол қауымдастықтарымен байланыстарды нығайтуға және еліміздегі әйелдер мен жастар футболын дамытудың стратегиялық бағытын айқындауға мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары