Сұлтан Асқаров: «Бұл жеңілістен сабақ алдық»

Сұлтан Асқаров: «Бұл жеңілістен сабақ алдық»

10 қазан 2025, 10:43
Қазақстан жастар құрамасының капитаны Сұлтан Асқаров 2027 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Андорраға қарсы сырт алаңдағы (0:1) матчты қорытындылады.

– Әрине, көңіл-күйіміз жоқ. Нәтижеге көңіліміз толмайды.  Біз жеңіске жетіп, үш ұпай алуымыз керек еді. Капитан ретінде жанкүйерлерімізден осындай нәтиже үшін кешірім сұраймын.

Біз өз ойынымыздың жоспарына сай әрекет етуге тырыстық. Бапкердің тапсырмасын орындадық, бірақ менің ойымша, жігер жағынан ұтылдық. Көбірек құлшыныс, әр доп үшін күрес,  эмоция мен мінез жетіспеді.

Матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеде және қонақ үйде жігіттермен сөйлесіп, ойынға қорытынды жасадық. Бәрі артта қалды. Бұл жеңіліс біреу үстімізге мұздай су құйғандай сезілді. Алдымызда Өзбекстанмен ойындар бар, сол жерде қателіктерімізді түзетіп, жақсырақ ойнап, оң нәтиже көрсетуге тырысамыз. Біз әрқашан ұлттық құрама үшін ойнағанда үлкен жауапкершілікті сезінеміз және жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді.

Бөлісу
Жоғары