Петропавлда ALAÑ жобасы аясында футбол алаңы жаңартылды

Петропавлда ALAÑ жобасы аясында футбол алаңы жаңартылды

08 қазан 2025, 13:07
Қазақстан футбол федерациясының ALAÑ бағдарламасымен Петропавлдағы «Жеңіс» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің алаңы реновациядан өтіп, пайдалануға берілді.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтұқ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Рамазанова мен спорт ардагері Бауыржан Құлжанов қатысты. 

Шарада сөз алған ҚФФ бас хатшысы Давид Лория жобаның маңызына тоқталып, құттықтау лебізін білдірді.

— Біз тағы бір қайта жаңғыртудан өткен алаңды ашып отырмыз. Бұл алаң осында тәрбиеленетін сіздер үшін трамплин болады деп ойлаймын. Кәсіби футболшы болсам деген армандарыңыз орындалып, үлкен турнирлер мен чемпионаттарда өз клубыңыздың атын қорғап, кейін ұлттық құрама сапында көреміз деп сенемін. Жаттықтырушыларға да еңбегі үшін алғысымды белдіремін. Енді сіздер дәл осындай халықаралық стандартқа сай салынған жерде жұмыс істейтіндеріңізге қуаныштымын. Елінің ұланы болар жеткіншектерді тәрбиелейтін еңбегіңізге сәттілік тілеймін,-деді Д.Лория.

— Алаң өте жақсы. Демалыс күні де достарымызбен келіп, келеміз. Енді жаңа алаңда жаттығу кезінде командамызға ойнау ыңғайлы болып, жарақатсыз өтеді деп ойлаймын,-деді «Жеңіс» БЖСМ тәрбиеленушісі. 

Бұл Солтүстүстік Қазақстан облысында ҚФФ бастамасымен ашылған екінші алаң. Былтыр «Динамо» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің алаңы реновацияланған еді.

ҚФФ жыл соңына дейін Тараз, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал қалаларында және Жалағаш ауданында жаңа алаңдарды пайдалануға береді.

Бөлісу
Жоғары