ҚФФ өкілдері UEFA Playmakers конференциясына қатысты

ҚФФ өкілдері UEFA Playmakers конференциясына қатысты

02 қазан 2025, 14:00
Қыркүйек айының соңында Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде тарихта алғаш рет «UEFA Playmakers Conference» конференциясы өтті.

Бұл басқосу Еуропаның 52 елінен келген өкілдерді бір алаңға жинады.

Қазақстан атынан «Playmakers» жобасының менеджері – Кирилл Ткачёв және бас жаттықтырушы-нұсқаушы – Юлия Ширяева қатысты.

Конференцияның негізгі бағыттары:
• «Playmakers» бағдарламасының барлық өкілдері алғаш рет офлайн форматта бас қосты;
• Қыздарды футболға тартудағы тәжірибелер мен үздік тәсілдер талқыланды;
• Жобаны дамыту және ілгерілету стратегиясы ұсынылды;
• Қатысушылар санын арттыру және қыздардың жобадан футбол клубтарына өту жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Жобаның серіктесі – Disney компаниясы Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалап, сапалы ынтымақтастықты атап өтті. Сонымен қатар, «Головоломка 2» мультфильмі премьерасы кезінде жобаны жарқын түрде таныстырғаны үшін ерекше алғыс білдірді.

УЕФА-ның «Playmakers» бағдарламасы бұрын футбол ойнамаған 5-8 жас аралығындағы қыздарға арналған. Бағдарламаның мақсаты – балаларға ойын арқылы футболды таныстыру, спортқа деген қызығушылықты арттыру, заманауи жаттықтыру әдістерін енгізу. Сабақтар ертегі сюжеттері негізінде ойын түрінде өтеді, бұл жаттығуларды әрі пайдалы, әрі қызықты етеді.

Бүгінде бағдарлама Астана қаласының 25 балабақшасында, Ақтөбедегі 20 мектепте және Өскемен қаласындағы «Алтай» ФК-мен бірлескен 3 орталықта сәтті жүзеге асырылып келеді. Жаттығулар Disney-дің танымал анимациялық фильмдерінен алынған ерекше әдістемемен жүргізіледі. Бұл балаларға футболды тек спорт қана емес, шығармашылық қырынан да тануға мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары