Қызылордада 11 мың орындық жаңа стадион ашылды

Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері қатысты.
Жиында Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ел футболын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!», – деді М.Омаров.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Қазақстан футболының даңқы арта берсін!», – деді Н.Нәлібаев.
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.
Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.