Қазақстан мен Өзбекстан футбол федерациялары ынтымақтастықты кеңейтеді

Кездесу барысында тараптар бауырлас екі елдің футбол ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты арттыру, тәжірибе алмасу және өңірлік бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ футбол инфрақұрылымын дамыту және «FIFA Central Asian Cup» турнирін өткізу бастамасы сөз болды.
Марат Омаров жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтты. Атап айтқанда, елімізде төрт футбол клубы жекешелендірілді, ал FIFA қолдауымен мектептерде FIFA ARENA атауымен футбол алаңдарының құрылысы басталды.
Өз кезегінде Равшан Ирматов Өзбекстан футбол жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, жаңа инфрақұрылымдық жобалар, футбол академиялары мен білім беру жүйесін дамыту, бапкерлер мен медицина мамандарының біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жолдастық кездесулер санын арттыру, мамандар даярлау және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ екі елдің футбол федерациялары арасындағы достық және әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға ниет білдірді.