Нұралы Жақсылық: Біз үлкен мақсаттарға жетуге дайынбыз
– Нұралы, Андорра және Өзбекстан құрамаларымен болатын матчтарға дайындық қалай өтуде?
– Дайындық жақсы жүріп жатыр. Алдағы ойындарда жеңіске жетуді қалаймыз, себебі біз еліміздің намысын қорғаймыз. Қазір бар назар Андорраға қарсы матчқа қойылды, содан кейін Өзбекстанмен ойнаймыз. Кездесулер оңай болмасы анық, бірақ біз жақсы көңіл күйдеміз.
– Англиямен өткен соңғы матч нәтижесі сәтсіз болғанымен, көпшілігі команданың екінші таймдағы ойынын жоғары бағалады.
– Бірінші таймда да бізге гол соғуға мүмкіндіктер келді, бірақ оны пайдалана алмадық. Ал екінші таймда алаңда бос кеңістік көп болды, көп сәттер жасадық. Әрине, Англия құрамасында АПЛ деңгейінде ойнайтын футболшылар бар екенін білдік. Сондықтан барынша шоғырланып, бір-бірімізді сақтандыруға тырыстық.
– Биыл сіз «Астана» командасынының негізгі құрамында тұрақты ойын көрсете бастадыңыз. Сізге деген сенім артты ма? Марин Томасовпен бәсеке қалай өтуде?
– Иә, биыл маған сенім артты, әр ойында барымды салуға тырысамын. Әр матч – жаңа тәжірибе, ойнаған сайын алға жылжу керек. Томасовпен бәсеке? Ол – клубтың аңызы. Бірақ мен үшін осындай ойыншымен бәсекелесу пайдалы, себебі осындай деңгейдегі және тәжірибелі футболшылармен бірге ойнау арқылы дамимыз.
– Қазіргі жастар құрамасының буыны жоғары амбициялы. Команданың мақсаты – Еуро-2027 турниріне жолдама алу. Бұл пікірмен келісесің бе?
– Әрине, біз үлкен мақсаттарға жетуге дайынбыз. Біздің басты мақсат – Еуропа чемпионатына жолдама алу. Ол үшін Словакиядан ұпай алуымыз керек, ал Андорра, Ирландия және Молдоваға қарсы тек жеңіс үшін ойнаймыз.