Премьер-лиганың 1-туры матчтарындағы ойын эпизодтарына түсіндірме
Оқжетпес – Елімай
23-минут. Қонақтардың айып алаңында №16 қорғаушы допты оң аяғымен тебуге дайындалады. Сол кезде №19 шабуылшы жанынан жүгіріп келіп, сол аяғын қорғаушының алдына қояды. Қорғаушы допты тебеді, доп алдымен шабуылшының аяғының астынан өтеді, содан кейін ғана аяқтар арасында жанасу болады.
VAR араласуы дұрыс болған жоқ.
Төрешінің шешімі: ойынды жалғастыру – дұрыс.
74-минут. Қонақтардың айып алаңында №19 шабуылшы қақпашымен бірге допқа секіреді. Қақпашы да секіріп, допты екі қолымен ұстап үлгереді. Ережеге сәйкес, «қақпашы допты қолымен бақылап тұрған кезде оған шабуыл жасауға болмайды». Төреші осы сәтті байқамай, ойын жалғасады да, гол есепке алынады.
VAR тексергеннен кейін араласуы дұрыс болды.
Төрешінің шешімі: голды есепке алу – дұрыс емес.
Алтай – Қайрат
6-минут. Алаң иелерінің №77 шабуылшысы қонақтардың айып алаңына қарай жылжып келе жатып, №20 және №25 қорғаушылармен доп үшін күреседі. Айып алаңы сызығына жақын жерде шабуылшы оң қолын қарсыласына қарай созады. Одан кейін ойыншылар арасында әдеттегі жанасу болып, айып алаңынан тыс жерде екеуі де құлайды. Ереже бұзушылық болған жоқ. Төреші ойынды дұрыс жалғастырды.
VAR тексергеннен кейін де араласу қажет болмады.
Төрешінің шешімі: ойынды жалғастыру – дұрыс.
Ақтөбе – Тобыл
37-минут. Орталық шеңбердің маңында екі ойыншы доп үшін таласады. Алаң иелерінің №20 ойыншысы бірінші болып допқа тиеді. Қонақтардың №6 ойыншысы қарсыласына тура аяқпен, шиптері алға қарап барып соғады. Ол қарсыласын анық көріп тұрса да, голень тұсынан тиеді. Алаң иесінің аяғы жерде тұрған, сондықтан бұл әрекет оның қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді. Төреші алғашқы соққыны байқамай, тек аяққа басқанын көріп, сары карточка көрсетеді.
VAR тексергеннен кейін дұрыс араласты.
Төрешінің соңғы шешімі: алғашқы шешімді өзгертіп, сары карточканы қызылға ауыстыру – дұрыс.
Қызылжар – Каспий
11-минут. Қонақтар оң қапталдан айып соққысын орындайды. Доп айып алаңына бағытталады, сол жерде №23 ойыншы офсайд жағдайында тұрады. Доп әуеде келе жатқанда ол алаң иелерінің №88 қорғаушысының алға шығуына кедергі келтіріп, оны итермелейді. Ереже бойынша, «ойыншы пас берілген сәтте офсайдта тұрса және қарсыласына допқа ойнауға кедергі жасаса, ол белсенді түрде ойынға араласты деп есептеледі». Бірақ төреші мен көмекші төреші голды есепке алады.
Бұл жағдайда VAR араласуы болмауы – қате.
Төрешінің шешімі: голды есепке алу – дұрыс емес.
19-минут. Оң қапталдан айып соққысы орындалып, доп айып алаңына түседі. Бірнеше ойыншы доп үшін күреседі. Қонақтардың №23 шабуылшысы мен алаң иелерінің №99 қорғаушысы секіреді. Қорғаушы қарсыласымен арақашықтықты сақтауға тырысып, оның иығына жеңіл тиеді, бұл ереже бұзу болып саналмайды. Сол сәтте доп қорғаушының қолына тиеді, бірақ қолы табиғи қалыпта болған. Төреші эпизодқа өте жақын тұрып, ойынды жалғастыруға рұқсат береді.
VAR араласуы – қате.
Төрешінің шешімі: пенальти бермей, алғашқы шешімді қалдыру – дұрыс.
Атырау – Ұлытау
40-минут. Қонақтардың №8 ойыншысы айып алаңына бүйірден кіреді. Оның алдында №6 қорғаушы тұр. Шабуылшы допты бір жаққа қарай ығыстырып, қорғаушының аяғымен жанасуды өзі іздейді. Жанасу болған кезде ол өзі құлап кетеді. Төреші эпизодты анық көріп, бірден ысқырып, симуляция үшін №8 ойыншыға сары карточка көрсетеді.
VAR араласуы қажет болмады.
Төрешінің шешімі: еркін соққы белгілеу және симуляция үшін сары карточка көрсету – дұрыс.
Қайсар – Жеңіс
84-минут. Сол қапталдан асырылған доп алаң иелерінің айып алаңына түседі. №5 қорғаушы мен №7 шабуылшы допқа қарай қозғалады. Қорғаушы артқа шегінеді, ал шабуылшы алға қарай жүреді. Жақындаған кезде шабуылшы тек соқтығысып қалмау үшін қолын алға қояды, бірақ итеру немесе ұстап қалу әрекеті болмайды.
VAR араласуы қажет болмады.
Төрешінің шешімі: голды есепке алу – дұрыс.