УЕФА өкілдері Қазақстандағы стадион жобаларымен танысты
Делегация құрамында УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар жөніндегі кеңесшісі Йозеф Климент пен стадион инфрақұрылымын дамыту жөніндегі УЕФА-ның аға сарапшысы Пьетро Кьябрера болды.
Екі күндік кездесулер барысында жобалаушылар мен өңір өкілдері Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Ақтау, Семей және Көкшетау қалаларында салынуы жоспарланған стадиондардың жобаларын таныстырды. Кездесуге сондай-ақ облыстардағы спорт және құрылыс саласына жауапты мамандар да қатысты.
УЕФА сарапшылары стадиондардың жобаларымен танысып, олардың жоспарлануы, инфрақұрылымы және халықаралық талаптарға сәйкестігі туралы пікірлерін айтты. Кездесу соңында жобаларды жетілдіру үшін өз ұсыныстары мен ескертулерін береді. Бұл болашақ стадиондардың УЕФА стандарттарына толық сай болуына көмектеседі.
Жалпы, мұндай жобалардың жүзеге асуы Қазақстандағы футбол инфрақұрылымын жаңартуға, стадиондардың сапасын жақсартуға және елімізде халықаралық деңгейдегі матчтар мен турнирлер өткізуге мүмкіндік береді.
УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар жөніндегі кеңесшісі Йозеф Климент ірі стадион жобаларының құрылысымен танысудың маңызын атап өтті.
«Бүгінгі сапарымыздың мақсаты – клуб өкілдерімен кездесіп, осы елде жоспарланып отырған стадиондар құрылысы жобасын талқылау. Бұл кездесуге стадион құрылысы мен оның құрылымдары бойынша маманданған әріптесіммен бірге келдім. Ол УЕФА-ның барлық талаптары мен регламенттерін жақсы біледі.
Біз үшін ең бастысы – осы бастаманың қолға алынғанына қуаныштымыз. Өйткені федерация басшылығы елдегі футбол инфрақұрылымын дамыту үшін, әсіресе үлкен стадиондар салу бағытында, айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан біз бұл кездесуді арнайы ұйымдастырдық. Негізгі мақсат – құрылыс басталмай тұрып жобалармен ертерек танысып, олардың барлық қырын, ұсынылған шешімдер мен жоспарларды бірге талқылау.
Осындай талқылаулар барысында біз әріптестеріңізге УЕФА тарапынан қойылатын талаптарды және қандай деңгей күтілетінін де түсіндіреміз. Қазір ұсынылған барлық жобалармен танысып жатырмыз. Бұл бастама өңірлер мен жергілікті билік органдарымен бірлесіп, қысқа уақытта жүзеге асады деп үміттенеміз. Жалпы, бұл жобаның сәтті іске асатынына сенімім мол», - деді УЕФА өкілі.