FIFA Series: ұлттық құрамаларға жаңа мүмкіндік

FIFA Series: ұлттық құрамаларға жаңа мүмкіндік

13 наурыз 2026, 11:00
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұлттық құрамаларға арналған жаңа форматтағы FIFA Series турнирін іске қосты. Бұл жоба әлемнің әртүрлі құрлықтарындағы құрамаларды бір алаңға жинап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін халықаралық жарыс. Турнирдің басты ерекшелігі – командалардың басқа конфедерация өкілдерімен ойнауына жағдай жасау.

FIFA Series алғаш рет 2024 жылы пилоттық форматта ұйымдастырылды. Сол тәжірибеден кейін жоба толыққанды халықаралық турнир ретінде дамытылып, 2026 жылдан бастап кеңейтілген форматта өтеді. Басты жаңалық – енді бұл турнирге ерлер құрамаларымен қатар әйелдер ұлттық командалары да қатысады.

Турнирдің негізгі мақсаты – ұлттық құрамалардың ойын тәжірибесін арттырып, әртүрлі футбол мектептерінің бір-бірімен бәсекеге түсуіне мүмкіндік беру. FIFA Series аясында әр топқа түрлі құрлықтан төрт командадан бөлінеді. Әрбір құрама екі матч өткізеді. Бұл халықаралық күнтізбеге артық жүктеме түсірмей, сонымен бірге сапалы ойын тәжірибесін қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылғы турнир матчтары бірнеше елде өтеді. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Сонымен бірге Аустралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстан қабылдаушы елдер ретінде таңдалды. Әйелдер құрамаларының матчтары Бразилия, Кот-д’Ивуар және Таиландта өтеді.

FIFA Series аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өзге құрлықтағы командалармен ойнап, жаңа тәжірибе жинайды. Мұндай матчтар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және ұлттық құраманың ойын тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары