Балалар-жасөспірімдер футболы жөніндегі алғашқы комиссия отырысы өтті

Балалар-жасөспірімдер футболы жөніндегі алғашқы комиссия отырысы өтті

13 наурыз 2026, 17:00
Жиынға комиссия мүшелері және арнайы шақырылған футбол саласының мамандары қатысты. Күн тәртібінде алдағы футбол маусымына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Комиссия құрамына Эдыген Юмашев – комиссия төрағасы, Евгений Красиков, Бауыржан Сағындық, Сергей Когай, Ефим Германович, Аслан Кешілбаев – комиссия мүшелері, сондай-ақ Ренат Суыров – комиссия хатшысы болып енді.

Алдымен элиталық жасөспірімдер футболы бөлімінің жетекшісі Евгений Свешников 2025–2030 жылдарға арналған футболды дамыту стратегиясының балалар-жасөспірімдер футболын дамыту және ойыншыларды даярлауда ұлттық жүйе қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол ойыншының дамуына арналған Player Pathway моделін таныстырды. 

«Бұл жүйе бұқаралық футболдан бастап академиялар мен спорт мектептері арқылы кәсіби клубтар мен ұлттық құрамаларға дейінгі даму тізбегін қамтиды. Жүйенің негізгі элементтерінің бірі 2013 жылы туған және одан кіші ойыншылар буынын даярлауға бағытталған «Болашақ чемпиондары» жобасы. Бұл бәсекеге қабілетті Қазақстан U-17 құрамасын қалыптастыруға бағытталған», деді Евгений Свешников.

Сонымен қатар ойыншыларды даярлаудың әдістемелік моделі таныстырылып, дайындық кезеңдерінде ойын форматтарын біртіндеп өзгерту принципі ұсынылды. Яғни биылғы маусымда U-14 жас санатындағы Қазақстан чемпионатының ойындарын 9*9 форматында өткізу ұсынылды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келетін, толыққанды 11*11 жүйесіне көшу алдында тиімді дайындық кезеңі ретінде қарастырылады.

Комиссия мүшелері  2013 жылы туған және одан кіші ойыншылар арасындағы Қазақстан чемпионатын 6 шілдеге дейін 9*9 форматында, ал одан кейін 11*11 форматында өткізу туралы ұсынысты қолдады.

Сондай-ақ биылғы маусымда аталған жас санатындағы Қазақстан чемпионатын «Солтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» конференцияларына бөліп өткізу, ал финалдық кезеңді маусымның күзгі бөлігінде ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды.

Бұған қоса комиссия мүшелері бірауыздан 2009–2010 жылы туған ойыншыларды біріктірілген жас санатында Қазақстан чемпионатын өткізу туралы шешімді де мақұлдады.

Жиын барысында басқа жас санаттарындағы Қазақстан чемпионатын өткізу мәселелері, сондай-ақ ҚФФ Атқарушы комитетінің өткен отырысында қабылданған «Балалар-жасөспірімдер футбол құрылымдарын санаттау және лицензиялау жөніндегі ҚФФ регламентін» талқылады.

ҚФФ Техникалық орталығының директоры Станислав Погорелов регламенттің жекелеген тармақтарына түсініктеме берді.

«Балалар-жасөспірімдер футбол құрылымдарын санаттау және лицензиялау регламентіне UEFA “B – Youth” және UEFA “A – Elite Youth” жаттықтырушылық лицензияларына қатысты талаптардың енгізілуіне байланысты клубтар мен ұйымдар тарапынан бірқатар сұрақтар туындауда. Бұл лицензияларды УЕФА ұлттық жаттықтырушыларды даярлау жүйесіне енгізуді ұсынады. Олар элиталық балалар-жасөспірімдер футболы жүйесінде, атап айтқанда футбол орталықтары мен академияларда U13–U18 жас топтарымен жұмыс істейтін мамандарға арналған.

Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай лицензиялары бар жаттықтырушылар саны жеткіліксіз екенін клубтар да айтуда. Осыған байланысты ҚФФ Техникалық орталығы 2026 жылдың мамырында алғашқы жаттықтырушылар тобын оқытуды бастауды жоспарлап отыр.

Алдағы уақытта қажетті мамандарды кезең-кезеңімен даярлау арқылы элиталық балалар-жасөспірімдер футболына арналған жаттықтырушыларды даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру көзделген.

Осыған байланысты биылғы регламенттегі талаптарды таныстыру және ұсынымдық сипатта енгізіліп отыр. Оның негізгі мақсаты – қазіргі жағдайды талдау, кадрлық әлеуетке объективті баға беру және UEFA “B – Youth” мен UEFA “A – Elite Youth” лицензияларын ұлттық лицензиялау жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу»,  деді Станислав Погорелов.

Бөлісу
Жоғары