Walking football challenge «Қарағанды аңыздары»: Алғаш рет алаңға әйелдер шықты

Walking football challenge «Қарағанды аңыздары»: Алғаш рет алаңға әйелдер шықты

08 маусым 2026, 18:10
Қарағанды қаласында алғаш рет 50 жастан асқан қатысушылар арасында Walking Football Challenge «Қарағанды Аңыздары» әуесқой турнирі өтті.

Бұл турнирдің ерекшелігі елімізде алғаш рет алаңда ерлермен бірге егде жастағы әйелдер де бірге ойнап, Walking Football тарихында алаңға шыққан тұңғыш нәзік жанды футболшы атанды. Бұл қадам футболдың жас ерекшелігіне қарамастан баршаға қолжетімді екенін және белсенді әрі салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жалпы жарысқа 8 команда қатысты. Олар «Ардагер» ФК, «Костенко атындағы шахта» ФК, «Арлан» ФК, «ЧЧ» ФК, «Жігіттер» ФК, «Тарлан» ФК, «Қыран» ФК және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті командасы.

Walking football-ға қатысып жатқан Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті командасының ойыншысы Марат Бөдеев футболдың жаңа түрімен танысқанын, ойын тартысты өткенін айтты.

«Ардагерлер жаңа спорт түрімен танысып жатқандаймыз. Бұл турнир бізге футболдан алыстамай, сүйікті ойынымызбен ойнауға мүмкіндік береді. Осы күнге дейін футбол мен футзал ойнап жүрдік. Бірақ бүгін жаяу жүріп ойнайтын футбол болғандықтан, аздап қиындықтар болып жатыр. Мұнда бастысы жылдамдық емес, ойын мәдениеті, тактика және командалық әрекет маңызды», деді Марат Бөдеев.

Турнир көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қатысушылар мен жанкүйерлерге жарқын эмоциялар, тартысты кездесулер мен ұмытылмас сәттер сыйлады. Walking Football футболға деген сүйіспеншіліктің жаспен шектелмейтінін және адамның өмір бойы спортпен айналысуына мүмкіндік беретінін танытып келеді.

ҚФФ әлеуметтік жобаларының жетекшісі Шыңғыс Темірхановтың айтуынша, жарыс барысында Қазақстанның болашақ Walking football ұлттық құрамасына үміркер бола алатын ойыншылар көзге түскен.

«Бүгін Қарағанды тарихындағы алғашқы Walking Football турнирі өтті. Бірден сегіз команданың қатысуы бұл жобаға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Ардагерлер жаңа форматқа тез бейімделіп, алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ең бастысы, біз қазірдің өзінде болашақта Еуропа турнирлерінде Қазақстан атынан өнер көрсететін ұлттық құрамаға үміткер ойыншыларды байқадық. Қарағандыда Walking Football қарқынды дамып, кеңінен таралады деп сенемін», деді Шыңғыс Темірханов.

Жарыс қорытындысымен Костенко атындағы шахта командасы чемпион атанды. «ЧЧ» командасы 2-орынды, «Тарлан» командасы 3-орынға ие болды.
Сондай-ақ үздік ойын көрсеткен ойыншылар жеке номинациялармен марапатталды:

Үздік қақпашы – Сәкен Ахметов («Тарлан» ФК)

Үздік қорғаушы – Айбек Жұмабеков («Жігіттер» ФК)

Үздік жартылай қорғаушы – Әміржан Мұқанов («ЧЧ» ФК)

Турнирдің үздік ойыншысы – Игорь Кулешов («Костенко атындағы шахта» ФК)

Қазақстандағы Walking Football қозғалысы қарқынды дамуын жалғастырып келеді. Бұл жоба ұрпақтарды біріктіріп, футболға деген сүйіспеншілікті сақтауға және қозғалысқа деген құлшыныс болған жағдайда жас тек сан екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Бөлісу
Жоғары