Талғат Байсуфинов: «Мажарстанның күшін білеміз, бірақ өз ойынымызды көрсетуіміз керек»
- Арменияға қарсы матчта жоспар бойынша алғашқы матчта бірнеше жас ойыншыға мүмкіндік бердік. Әмірді негізгі құрамда алаңға шығардық, сондай-ақ дебютанттар да болды. Алаңға шыққан жігіттер өз мүмкіндіктерін көрсетіп, дайындық деңгейлерін байқатты. Бұл бізді қуантады. Бірақ сонымен қатар әлі де көп жұмыс істеу керек екенін жақсы түсінеміз.
Мажарстан құрамасына келсек, бүгінгі таңда олар өте жақсы деңгейде ойнап жүр. Жаңа бапкердің қол астында өз ойын мәнерін қалыптастырған, мықты ұжымға айналған. Ертеңгі матч біз үшін де маңызды. Біз бұл оқу-жаттығу кезеңін күздегі ресми ойындарға дайындық ретінде пайдаланып жатырмыз. Армениямен де кездестік, енді Мажарстанға қарсы ойын бізге тағы бір пайдалы сынақ болады.
Әрине, Мажарстан құрамасының деңгейін жақсы білеміз. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – өз ойынымызды көрсету. Қандай нәтиже болса да, өз мүмкіндігімізді көрсетіп, ойын жүйесін тұрақтандырып, команда ретінде дамуымыз керек, - деді Талғат Маруаұлы.