Азамат Айтқожин: «Қайрат» пен «Тобылды» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі жеңістерімен құттықтаймын!»

Азамат Айтқожин: «Қайрат» пен «Тобылды» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі жеңістерімен құттықтаймын!»

26 шілде 2018, 23:00
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындарында жеңіске жеткен «Қайрат» пен «Тобыл» футбол клубтарын құттықтады.

«Алматылық «Қайрат» пен голландиялық «АЗ Алкмаар» арасындағы ойын өте тартысты өтті. Ойынның қиынға соққанына қарамастан, жанкүйерлер Алматының Орталық стадионында болған керемет кездесуден шынайы ләззат алды. Өте жылдам әрі техникалық шеберлігі жоғары қонақтар алматылық «Қайраттың» ойыншыларына әжептәуір қарсылық көрсетті. Алайда, алаң иелері алға қойған мақсаттарын орындады. Лайықты жеңіске қол жеткізіп, қарымта кездесуді күтеді. «Қайрат» футбол клубын бүгінгі жеңісімен құттықтап, жауапты ойында сәттілік тілеймін!

Қостанайлық «Тобыл» армениялық «Пюник» командасы қабылдап, жарқын жеңіске жетті. Ойын бойы қорғаныста жүрген қонақтар алаң иелерінің шабуылын тоқтатуға тырысты. Өз алаңында жанкүйерлердің қолдауымен алға ұмтылған «Тобыл» жеңісті тойлады. Қарымта кездесу оңайға түспейтіні анық. Алайда, командаға деген сенім мол. Еуропа Лигасының маусымында «Тобылға» сәттілік тілейміз!

Футбол жанашырларын халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап жатқан отандық клубтарды қолдауға шақырамын! Алға, Қазақстан!» - деді Азамат Айтқожин.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары