ҚФФ УЕФА стандартына сай 13 футбол алаңын салды
2023 жылы тек 4 қана футбол алаңы берілсе, биыл оның саны бірнеше есе артты. Жаңа төсеніштер Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған, Қызылорда, Атбасар, Саран қалалары мен Жетісу облысындағы Балпық би ауылындағы стадиондарда төселді. Мамандар алаңның сапасына жоғары баға берді. Олардың қатарында «Алтай» клубының бас бапкері, отандық футболдың ардагері Вахид Масудов бар.
«Жаңа алаңның сапасы жақсы. Мінсіз деп айтуға болады. Осындай жобаның болғаны жақсы болды. Жаңа төсеніш салып бергені үшін, Қазақстан футбол федерациясына рақметімді айтамын. Өскемендегі ауа-райы қатал. Енді алаңның жылытқыш жүйесі де бар», - деп Вахид Масудов Өскемен қаласының «Восток» стадионының қосалқы алаңының ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«Жезқазғанда 30 бала ғана футболмен айналысатын. Ұлытау облысы атанғаннан кейін, 7 айдың ішінде олардың қатары 700-ге дейін артты. Олар үшін жаңа алаңда ойнау арман. Менің ойымша, бұл өте тамаша жоба. Футбол жанкүйерлері атынан Қазақстан футбол федерациясына үлкен алғысымызды білдіреміз. 4-5 жылда біздің балалар-жасөспірім командалары жобаның жемісін көреді деп ойлаймын», - деп Ғалым Нұржанов Ұлытау облысы, футбол қауымдастығыныңпрезиденті Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионының өңделген алаңының ашылу салтанатында ойымен бөлісті.