ҚФФ-да  бақылау, тәртіптік және әдеп комитетінің отырысы өтті

ҚФФ-да  бақылау, тәртіптік және әдеп комитетінің отырысы өтті

13 наурыз 2026, 18:00
2026 жылғы 11 наурызда Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және әдеп комитетінің отырысы өтті.

Премьер-лига

1-тур

«Ақтөбе» – «Тобыл»

2026 жылғы Премьер-лига клубтары арасындағы ҚР чемпионатының 1-турындағы «Ақтөбе» – «Тобыл» матчында «Тобыл» командасының ойыншысы Максим Мякиш доппен ойнау мүмкіндігі бола тұра қарсыласқа дөрекі ойын көрсетіп, ойын ережелерін өрескел бұзғаны үшін Тәртіптік регламенттің 44-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес 2 (екі) матчқа шеттетілді. Дисквалификация мерзімі 2026 жылғы 8 наурыздан бастап есептеледі.

Ал сол ойыннан кейін «Тобыл» командасының бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатына қатыспай, Чемпионат регламентін бұзғаны үшін  Тәртіптік регламенттің 67-бабына сәйкес ескерту берілді.

«Астана» – «Жетісу»

2026 жылғы Премьер-лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионаты 1-турының «Астана» – «Жетісу» матчы жедел жәрдем көлігінің келуіне байланысты 5 (бес) минутқа кеш басталды. Бұл Чемпионат регламентінің 3.1-тармағы талаптарына сәйкес келмейді.  «Астана» футбол клубы» Жеке мекемесіне Тәртіптік регламенттің 63-бабы 1-тармағына сәйкес ТР-ге №1 қосымшаға сәйкес 60 АЕК көлемінде, яғни 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге айыппұл салынды. Айыппұлды төлеу мерзімі – 2026 жылғы 11 сәуірге дейін.

Команда жанкүйерлері дыбыс күшейткіш құрылғы (рупор) қолданғаны үшін Тәртіптік регламенттің 67-бабына сәйкес «Астана» футбол клубы» ЖМ-ге ескерту берілді.

«Қызылжар» – «Каспий»

«Қызылжар» командасының жанкүйерлері секторлар арасындағы баспалдақтарға фаер жаққаны үшін Тәртіптік регламенттің 64-бабы 1-тармағына сәйкес «QYZYLJAR» футбол клубы» ЖМ-ге ТР №1 қосымшаға сәйкес 60 АЕК көлемінде, яғни 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге айыппұл салынды. Айыппұлды төлеу мерзімі – 2026 жылғы 11 сәуірге дейін.

Сондай-ақ стадионға кіреберісте көрермендерді тексеру жұмыстары нашар ұйымдастырылып, нәтижесінде жанкүйерлер требунаға пластик бөтелкелерді алып кірген. Сондықтан «QYZYLJAR» футбол клубы» ЖМ-ге Тәртіптік регламенттің 67-бабына сәйкес ескерту берілді.

Бұған қоса команда ойыншылары матч барысында 5 (бес) ескерту алып, тәртіп бұзғаны үшін  «QYZYLJAR» футбол клубы» ЖМ-ге Тәртіптік регламенттің 48-бабы 1) тармақшасына сәйкес ТР-ге №1 қосымшаға сәйкес 100 АЕК, яғни 432 500 (төрт жүз отыз екі мың бес жүз) теңге айыппұл салынды. Айыппұлды төлеу мерзімі – 2026 жылғы 11 сәуірге дейін.

«Атырау» – «Ұлытау»

Матчтың екінші таймы жедел жәрдем көлігінің кеш келуіне байланысты 13 минутқа кеш басталды. «Атырау» – «Ұлытау» матчы бойынша Тәртіптік регламенттің 63-бабы 1-тармағына сәйкес «Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС-не ТР-ге №1 қосымшаға сәйкес 60 АЕК, яғни 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге айыппұл салынды. Айыппұлды төлеу мерзімі – 2026 жылғы 11 сәуірге дейін.

Бөлісу
Жоғары