Астанада зағип жандарға арналған футбол бойынша оқу-әдістемелік семинар өтті
Іс-шараны Қазақстан футбол федерациясы Қазақстанның зағип жандар футбол федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру.
Семинарға еліміздің әр өңірінен келген 12 маман қатысты. Олардың басым бөлігі – зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Бағдарлама аясында қатысушылар зағип жандар футболының ерекшеліктерімен танысып, ойынның негізгі қағидалары мен жаттығу әдістемелерін меңгерді.
Blind Football-дан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Анатолий Антипин семинарда спикер болып, тыңдаушыларға өз тәжірибесімен бөлісті:
«Астана қаласында өте жақсы іс-шара өтті. Мұнда еліміздің әртүрлі ұйымдарынан келген 10 қатысушы жиналды. Олардың басым бөлігі – Қазақстандағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері.
2025 жылы Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстанның зағип жандар футбол федерациясы және «Дара» қайырымдылық қоры бірлесіп, еліміздегі осындай мектептердің барлығын аралап шықтық. Сол мектептердегі балаларға зағип жандар футболы туралы айтып, жобамызды таныстырдық, балалардың қызығушылығын арттыруға тырыстық.
Сол кезде қызығушылық танытқан мамандар қазір осы оқу-әдістемелік семинарға қатысып отыр. Семинар екі күнге созылады. Оның соңында бұл жерден зағип жандар футболының негіздерін меңгерген он маман шығады деп үміттенеміз», - деді Анатолий Антипин.