УЕФА-ның «А» санатындағы бапкерлерді оқыту қорытынды курсы өтті
Бұл тыңдаушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи әдістемелерді өз командаларында қолдануға бағытталды.
Оқыту барысында қатысушылар тактикалық дайындықтың негізгі бағыттарын қамтыды. Апталық циклге негізделген жаттығу процесін жоспарлау, қарсы шабуылды ұйымдастыру және ойынның өтпелі кезеңдерінде команда ішіндегі өзара әрекеттестікті жетілдіру туралы тақырыптар қозғалды.
Алтыншы модульде тактикалық периодизацияға ерекше назар аударылды. Аталған тәсіл бапкерлерге ойыншылардың физикалық және функционалдық дайындығын ескере отырып, жүктемені тиімді бөлуге және оқу-жаттығу процесін оңтайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Курс тыңдаушыларының бірі Қазақ спорт және туризм институтының оқытушысы Толға Демирташ курстан алған әсерімен бөлісті:
«Қазақстанға келмей тұрып, Түркияда шамамен он төрт жыл бойы Суперлига деңгейінде жұмыс істедім. Соңғы клубым — «Галатасарай». Онда алты маусым бойы түрлі бөлімдерде матч талдаушысы, көмекші бапкер және фитнес-бапкер ретінде қызмет атқардым. Бұл курс мен үшін ерекше маңызға ие. УЕФА «А» лицензиясын мен он жыл бұрын алуым керек еді, бірақ сол кезде мүмкіндік болмады. Енді міне, дәл осы уақытта өтіп жатқаныма қуанамын, өйткені тәжірибем мен түсінігім әлдеқайда кеңейді.
Оқытушыларымыз өте білікті, бізге әртүрлі жағдай арқылы дамуға итермелейді. Курстың әр күні пайдалы әрі қызықты өтуде», деді Т.Демирташ.
Модуль спикерлері ретінде Станислав Погорелов, Константин Котов, Николай Стоякин, Нұржан Әбілдаев сынды ҚФФ инструкторлары сөз сөйледі.
ҚФФ техникалық орталығының директоры С.Погорелов курста қамтылған бағдарламалар туралы айтып берді:
«Бүгін курстың қорытынды кезеңі өтуде. Барлығы мұқият ойластырылып, жүйелі түрде жүргізілуде. Тыңдаушылардың бапкерлік деңгейін арттыруға қажетті жағдай жасалған. Жалпы айтқанда, бүкіл курс футбол тактикасына және фитнеске арналған. Біз модуль бойынша футболдың қазіргі заманғы тактикалық бағыттары мен даму үрдістерін тәжірибеде қолдануға тырысамыз. Нақтырақ айтқанда, алтыншы модульдің тақырыбы — өтпелі фазалар мен қарсы шабуылдар», деді С.Погорелов.
УЕФА-ның «А» санатындағы бапкерлерді оқыту бағдарламасы қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, ҚФФ-ның алдағы бес жылға арналған техникалық даму стратегиясының маңызды бөлігі саналады.