Бірінші лига төрешілерін VAR жүйесімен жұмыс істеуге оқыту семинары басталды

Бірінші лига төрешілерін VAR жүйесімен жұмыс істеуге оқыту семинары басталды

29 қаңтар 2026, 21:46
Қазақстан футбол федерациясы Бірінші лига төрешілеріне арналған видеокөмекші төреші (VAR) жүйесімен жұмыс істеудегі білім беру бағдарламасын бастады.

Оқыту Астанада өтіп жатыр. Мұнда төрешілерді ресми жарыстарда VAR технологиясын қолдану үшін кезең-кезеңімен оқытады. Қатысушылар қатарында өткен маусымда Бірінші лига матчтарында қызмет еткен төрешілер, сондай-ақ биыл Премьер-лига төрешілері тізіміне енген арбитрлер бар.

Семинар бағдарламасы теориялық дайындықты, футбол алаңында ойыншылардың қатысуымен өтетін практикалық сабақтарды, ойын эпизодтарын талдауды, арнайы симуляторда VAR жүйесімен жұмыс істеуді, сондай-ақ технологияны қолдана отырып қысқа және толық форматтағы жолдастық матчтарда тәжірибеден өтуді қамтиды.

Қатысушылар алдағы екі күнде ҚФФ VAR нұсқаушысы Леонид Калошиннің жетекшілігімен теориялық білім алады. Мұнда VAR хаттамасына, төрешілер арасындағы коммуникацияға, шешім қабылдау үдерісіне және ойын жағдайларын бірізді түсіндіруге ерекше назар аударылады.

Оқыту ҚФФ-ның төрешілікті дамытуға арналған стратегиялық жоспары аясында жүзеге асырылуда. 2026 жылдың соңына дейін Бірінші лиганың барлық төрешісі оқытудан өтіп, VAR жүйесімен жұмыс істеуге лицензия алады деп жоспарланып отыр. Бұл төрешіліктің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етіп, ұлттық деңгейдегі матчтарға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары