Талғардағы KFF Academy құрылысы қалай жүріп жатыр

Талғардағы KFF Academy құрылысы қалай жүріп жатыр

30 қаңтар 2026, 16:36
Алматы облысы Талғар ауданында жаңа KFF Academy құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда нысанның жұмыс жобасы толық бекітіліп, құрылыс алаңында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Футбол академиясы спорт, тұрғын және әкімшілік-тұрмыс секілді үш негізгі блоктан тұрады. Спорт бөлігінде жабық футбол манежі, жалпы дене дайындығына арналған зал, қалпына келтіру бассейндері, киім ауыстыратын бөлмелер мен қызметтік үй-жайлар қарастырылған. Әкімшілік-тұрмыстық блокта жаттықтырушылар кабинеттері, медициналық және оңалту бөлмелері, мәжіліс залы, асхана және техникалық орындар болады. Ал тұрғын блок төрт қабатты, 150 орынға арналған жатақхана түрінде салынып, демалыс аймақтары мен өздігінен дайындалуға арналған кеңістіктерді қамтиды. Барлық нысанның жалпы ауданы 5 520 шаршы метрді, ал құрылыс алаңы 2 171 шаршы метрді құрайды.

Академияда 14 пен 16 жас аралығындағы жас футболшылар білім алады. Болашақта олар Қазақстан жастар құрамалары сапында өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Жоба FIFA-ның халықаралық стандарттарына сай әзірленіп, жас спортшыларды дайындау, оқыту мен тұрмыс жағдайын ұйымдастырудағы озық тәжірибелерді қамтиды.

Академия жобасын Қазақстан футбол федерациясы Алматы халықаралық әуежайының қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік қаржы тартылмай, әуежайдың өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 8,2 миллион АҚШ долларын құрайды.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан футбол федерациясының балансына өтеді.

Құрылыс жұмысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

KFF Academy жас футболшыларға кәсіби дайындықтан өтуге, сапалы білім алуға, қолайлы жағдайда тұруға және біртұтас спорттық ортада дамуға мүмкіндік беретін заманауи спорттық-білім беру платформасына айналады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары